Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарулы күштерді кешенді және жүйелі жетілдіруді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында екі күндік оқу-әдістемелік жиын өтті. Аталған шара идеологиялық, тәрбие және ақпараттық жұмысты жетілдіру, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне психологиялық көмек көрсетудің өзекті әдістерін енгізу мақсатында өткізілді. Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың нұсқауы бойынша Қарулы күштерде тәрбиелік құрылымдардың қызметін қайта форматтау жүргізілуде. Одан өзге қоғамның армияға деген сенімін арттыруға, оның беделін көтеруге ықпал ететін бірқатар шаралар қабылданды. Бұл үдерісте ашықтық, хабардарлық және азаматтық қоғаммен жолға қойылған диалог ерекше рөл атқарады. Жиын Бас штаб бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаевтың және Қорғаныс министрінің идеология, ақпарат және коммуникация жөніндегі кеңесшісі Әлішер Сүлейменовтың басшылығымен өтті. Оқу-әдістемелік жиынға бас қолбасшылардың, қолбасшылардың, бөлім командирлерінің, қорғаныс істері жөніндегі департаменттер бастықтарының орынбасарлары, идеологиялық жұмыс және мемлекеттік-құқықтық даярлық жөніндегі офицерлер, психологтар мен гарнизондардың баспасөз хатшылары қатысты. Генерал-майор Серік Борамбаев офицерлерді әскери ортадағы орны толмас шығынды азайтуға бағытталған «Өмірді сақта» ведомствоаралық бағдарламасының жобасын іске асыру жөнінде хабардар етті. – Тәрбие жұмысы әскердің моральдық рухы, жауынгерлік дайындығы, жауынгерлік қабілеті мен үйлесімділігі дерлік тәртіппен тығыз байланысты. Біз барлық ақпараттық-алдын алу жұмыстарын маңызды идеологиялық және ғылыми-практикалық негіз ретінде үйлестіруіміз керек, – деп атап өтті ол. Әлішер Сүлейменов қызметті ұйымдастырудағы жаңа тәсілдерге тоқталды. – Басты мақсатымыз – жауынгерлік дайындық деңгейін арттыру. Әскери қызметшінің идеологиялық, моральдық-психологиялық және ақпараттық дайындығы әскери қызметші келбетінің ажырамас құрамдас бөлігі іспеттес. Қазіргі заманғы кәсіби армия біздің шекара тұтастығының кепілі ретінде әскери істің барлық салаларында жаңа әдістерді қолдануға міндетті. Бүгінгі жиын – алға қойылған тапсырмаларды іске асыруға жасалған кезекті қадам, – деп түсіндірді министрдің кеңесшісі. Жиын барысында әскерлердегі әскери тәртіптің жай-күйіне, жарғыдан тыс қатынастардың туындау себептеріне егжей-тегжейлі талдау жасалды. Мамандардың тәжірибелік ұсыныстары да айтылды. – Биылғы оқу-әдістемелік жиынның тұжырымдамасы түбегейлі қайта қаралғанын айта кеткен жөн. Алғаш рет ол «Ашық микрофон» түрінде өтті. Біз проблемалық мәселелерді айттық, басшылықтан толық жауап алдық және күнделікті қызметті жақсарту жөнінде ұсыныстар бердік, – деп атап өтті жиынға қатысушы Құрлық әскерлері әскери институты бастығының орынбасары подполковник Елдос Бозғұлов. Пленарлық сабақтар соңы жиын секцияларына ұласты. Тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі офицерлер, психологтар мен баспасөз хатшылары жұмыстың жаңа тәсілдерімен танысып, қызметте іс-әрекеттің тиімділігін арттыруға бағытталған практикалық бағдар алды. Аталған жиынға Түркістан облыстық Қорғаныс ісі жөніндегі департаменті басшысының орынбасары Жандос Кулдербаев та қатысты.