Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында министр қаладағы Жүрек орталығы, емхана мен перзентханадағы медициналық қызмет сапасын бақылап, медицина қызметкерлерімен сұхбаттасты. Жүрек орталығында болған А.Ғиният кардиохирургия бөлімшесін аралап, емдеу мекемесінің ота жасайтын мүмкіндіктерін көріп шықты. 158 төсекке есептелген қалалық жүрек орталығы алғашқы медициналық көмек нысандарының бірі. Орталық стационарлық түрде мамандандырылған, жоғары технологиялық кардиологиялық, кардиохирургиялық, аритмологиялық, эндоваскулярлық медициналық көмек көрсетіледі.Жыл басынан бері мұнда 3 мыңға жуық науқас емделіп, ашық жүрекке 306 операция жасалды. Мұнан кейін Денсаулық сақтау министрі қалалық №4 емхананы аралады. Бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін ұйымда 39970 халық тіркелген. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қалалық перзентханы аралап, ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызмет барысын көріп шықты. Соның ішіндегі босану палатасы мен жансақтау бөлімшесін аралап шықты. Айта кетейік, қалалық перзентханада жыл сайын 11 мыңнан астам нәресте дүниеге келеді. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнда жылына 12 мыңнан астам ананың босануына жағдай жасалып отыр. Шымкент қаласы демографиялық өсу көрсеткіші бойынша республикада алда келеді. Ұлттық статистиканың мәліметінше, демографиялық өсім жағынан Шымкент мегаполистер арасында көш бастап тұр.