Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы полиция басқармасы тергеу бөлімінің тергеушісі полиция аға лейтанты Жиенбек Бағдат Талғатұлы 1996 жылдың 4 тамызында Сарыағаш ауданындағы Жаңа талап ауылында дүниеге келген. №19 А.Оразбаева атындағы орта мектепті бітірген соң, сол жылы ҚР ІІМ-нің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына түседі. Оқу орнын 2018 жылы лейтенант шенімен бітіріп, еңбек жолын Сайрам АПБ-ның тергеу бөлімінде тергеуші болып бастайды. Ұжымында алғырлығымен көзге түскен жас тергеуші арада көп уақыт өтпей, өзінің білікті маман екендігін көрсетіп, оған ауыр санатты істерді тергеу сеніп тапсырылады. Биыл осы салада аянбай қызмет етіп келе жатқанына төрт жыл болды. Сауаттылық пен төзімділікті талап ететін тергеу қызметі шыдамды әрі зерек болуды үйретті. Жас та болса тәжірибелі тергеуші өте маңызды қызметтің ортасында жүріп, бірқатар қылмыстар бойынша тергеу амалдарын жүргізіп келеді. Жыл басынан ауыр санатты 122, аса ауыр санатты 3 қылмыстық істі сотқа жолдап, әріптестері арасында жоғары көрсеткішке қол жеткізді. 2021 жылдың ортасында Сайрам ауданында орын алып, 2022 жылдың басына дейін жалғасқан шығын сомасы 289 млн-ды құрайтын ауыр санатты көп эпизодты алаяқтық қылмысы полиция аға лейтенантының өндірісіне түседі. Аталған қылмысқа қысқаша тоқталсақ, өткен жылдың ортасында Сайрам ауданының тұрғындары аудандық полиция басқармасына келіп, «Жусан» банкінде белгісіз тұлғалар өздерінің қатысуынсыз несие рәсімдеп, алаяқтық жасағаны туралы арызданған. Күн өткен сайын арызданушылардың саны артып, 2022 жылдың басында 113 адамға жеткен. Осындай ауыр санатты күрделі қылмыстық істі тергеп-тексеріп, сотқа жолдаған. Қазіргі таңда іс сотта қаралуда. Жалпы тергеушілер қызмет бабында жағымсыз жағдайлармен жиі бетпе-бет келіп жатады. Осындайда эмоционалдық тұрғыда ұстамды және салқынқанды болу қажет. «Тергеуші болу үшін темірдей төзім, сабырлылық, ұсақ детальдарға мән беріп, уақытпен санаспай жұмыс істей білу керек», — дейді Бағдат Жиенбек.