ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов дене шынықтыру сабағы мұғалімдеріне қатысты туындаған жайтқа байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Дене шынықтыру сабағының мұғалімдеріне қатысты мәселе көтеріліп жүр. Едігі уақытта балалар дене тәрбиесі сабағына аз баратын сияқты көрсетеді. Заңға сәйкес, барлық сыныпта бір аптаның ішінде үш дене шынықтыру сабағы өткізіледі. Аптасына үш сағат өзгермейді», — деген еді министр кеше Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. Оның атап өтуінше, бүгінде елімізде дене шынықтыру сабағы бойынша 500 мыңнан астам сағат бар. Ал пән мұғалімдерінің саны шамамен 30 мың педагогты құрайды. «Осы уақытқа дейін дене шынықтыру сабағының мұғалімдері 1,7-2 ставкамен жұмыс істеп келді. Бір сыныпқа екі мұғалім болмайтындығын ескерсек, онда бір педагогтің орташа жүктемесі 1,2 ставканы құрайды. Оқу бағдарламасына көз салған кезде барлығы тиімділігі, ғылыми негізділігі тұрғысынан емес «сағат көп болса, жүктемем де мол болады» деп қарайды. Кейбір әріптестерімнің 1, тіпті 1,5 емес 2 ставкаға жұмыс істеуді қалайтындығын түсінемін», — деді Асхат Аймағамбетов. Министрдің атап өтуінше, еліміздегі мектептердің басым бөлігінде спорт залдарда дене шынықтыру сабағы екі-үш сыныпқа бір мезгілде өтеді. «Әр сыныпқа бір мұғалімнен болады. Егер әр сыныпты екі бөліп, бүгінде әріптестеріміз талап етіп отырғанындай екі педагогтен беретін болсақ, онда бір спорт залда, бір сабақ кезінде 6 ұстазға жұмыс істеуге тура келеді», — деді ол. Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов аптасына үш рет өтетін дене шынықтыру сабағының бірі қысқартылатындығына қатысты жауап берді. «Балалар аптасына үш емес екі дене шынықтыру сабағын өтеді деп жүр. Бұрынғыдай аптасына үш сабақ қала беретіндігін ресми түрде мәлімдеймін. Бұл жерде ешқандай өзгеріс жоқ. Біз үшін балалардың бұрынғыдай аптасына үш рет міндетті түрде дене шынықтырумен айналысқаны маңызды», — деді министр.