Волейболға бүгінде жастардың қызығушылығы орасан. Әсіресе мектеп жасынан бастап осы спорт түріне қатысуға ниет білдіретіндердің қатары артып отыр. Дегенмен елімізде жағажай волейболы кенжелеп дамып келеді. Оған себеп өзен, көл, теңіздердің жағасында ойналатын бұл спорт түрінің өңірімізде кенже қалуының көптеген себептері бар. Дегенмен көңілді демдеуге болады-ақ. Жуырда ғана Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша тұңғыш жағажай волейболы спорты Шардарада ашылып отыр. Спортшылар мерекесі күніне орай аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен аудан әкімінің жүлдесіне арналған жағажай волейболынан тұңғыш рет облыстық турнир өткізілді. Аталмыш шара Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Арман Абдуллаев пен жағажай волейболынан облыс құрамасының базасы болып саналатын №2 спорт мектебінің директоры Нұрмахан Мелдеханов жағажай волейболы алаңының тұсауын кесіп, жұртшылықты мерекемен құттықтады.
Нұрмахан Мелдеханов, №2 спорт мектебінің директоры:
— Облыс бойынша тұңғыш рет ашылып отырған жағажай волейболы алаңының Шардарада тұсауын кесуі тегін емес. Алдағы уақытта дәл осы спорт түрінен түрлі турнирлер ұйымдастырылатын болады. Салауатты өмір салтын қалыптастыруымыз үшін жастарды осындай спорт түріне тартып, жаттықтыруымыз қажет. Олардың қызығушылығын арттыруымыз керек.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған жағажай волейболы турниріне барлық аудандар мен Шымкент қаласынан командалар келіп қатысты. Өңірімізде алғаш рет жалауын көтерген жарысқа қатысуға ниет білдіргендердің қарасы көп болды. Алғаш болып алаңға Сарыағаш ауданының командасы мен Қазығұрт ауданының командасы шықты. Ала допты шырқ үйіріп, қарсылас команданың алаңына топ еткізуді көздеген қос тарап ұзақ шайқасты. Ашық аспан астында, жағажайда ойналған волейболдың қызығы өз алдына. Бүгінде оңтүстіктің ыстығы миды тесердей қапырық болып тұр. Соған қарамастан қоңыр салқын самалы ескен жағажайдағы ойын көрігі қыза түсті. Кілең мықтылар жиылғандықтан бәсеке қыза түсті. Жалаңаяғымен толарсақтан құм кешкен спортшылар ойын көрігін кешке дейін қыздырды. Ақыры есеп сарыағаштықтардың пайдасына шешілді. Ақдәулет Мамақ және Пердалы Қоқыш есімді мықты ойыншылардан құралған Қазығұрт ауданының командасын ІІІ орынға қалдырған Шымкент қаласы мен Шардара ауданының командалары ақтық сынға шығып, жеңіс үшін бәсекеге түсті. Шардаралық волейболшы жігіттер Ербол Сәкиев пен Асқар Қанділлаевтар жарыс соңына дейін жанқиярлықпен сайысқа түскенімен, шымкенттік Нұрдос Алдаш пен Владислав Кунченколар айласын асырып кетті. Нәтижесінде Шардара ауданы әкімінің жүлдесіне арналған жағажай волейболы турнирінің жеңімпазы болып Шымкент қаласының командасы танылды. Шардара ауданы екінші, Қазығұрт ауданы үшінші орындарды иеленді. Жеңістен дәмелі барлық аудан өздерінің кіл мықтыларын жиып келген. Сол себептен де жарыс өте тартысты өтті. Жарыс соңында аудан әкімі Арман Абдуллаев жеңіс тұғырына көтерілген жеңімпаз командаларға ақшалай сыйлықтар, медальдар мен кубоктарды сыйға тартты. Енді алдағы қыркүйек айында жағажай волейболынан Оңтүстік Қазақстан облысының І чемпионаты Шардара қаласында өткізілетін болып шешілді. Ол бәсекенің де өте тартысты өтері күмәнсіз. Тұңғыш рет ұйымдастырылған соң кем-кетігі болары сөзсіз. Дегенмен алдағы уақытта бар мүмкіндікті пайдаланып, жоғары дәрежеде өтуіне атсалысатыны анық. Барлық ауданнан келген командалар шағалалы Шардараның жағасында өткен бәсекенің жуық арада тағы да ұйымдастырылатынына қуанышты. Екінші бәсекеге барынша дайындықпен келетіндерін айтып тарқасты.