Автокөлікті басқаруға құқығы жоқ бола тұра жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнын тастап кеткені үшін сотпен ірі көлемде айыппұл салынды Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотымен Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 610-бабының 3-бөлігімен және 611-бабының 3-бөлігімен азамат Н.И.-ға қатысты әкімшілік ісі қаралды. Сотта анықталғандай, азамат Н.И. көлік құралын басқаруға құқығы жоқ адам бола тұра, 17 маусым 2022 жылы 16 сағат 20 минут шамасында «Daewoo Nexia» маркалы автокөлігімен Сарыағаш ауданы арқылы өтетін А-15 Жетісай- Жібек жолы тас жолымен, Дүйсебайұлы көшесінің қиылысында, азамат К.Н.-нің басқаруындағы «Lada 2114» маркалы автокөлігіне соқтығысып, жол көлік оқиғасын жасап, көлік иесіне материалдық залал келтіріп, оқиға орнынан кетіп қалған. Сотта азамат Н.И. кінәсін толығымен мойындап, жүргізуші күәлігінің мерзімі өтіп кеткенін, жол-көлік оқиғасы болғаннан кейін ішкі істер органына дереу хабарламастан оқиға болған жерден кетіп қалғанын, әрекетіне өкінетіндігін, абайсызда жасағанын және алдағы уақытта мұндай заңбұзушылықтарға жол бермейтінін атап көрсеткен. Ал, жәбірленуші К.Н. болған оқиғаны растап, өзіне келген материалдық шығынды өтеп бермегенін, материалдық залалды өтеп беруі бойынша өзара келіспегенін, өзін жол-көлік оқиғасы болған кезде жауапкершіліктен құтылып кету мақсатында қашып кеткенін, оны сол үшін кешірмейтінін атап оған қатаң шара қолдануды сұраған. Азамат Н.И. құқық бұзушылық белгілері, өзінің кінәсін мойындау жауаптарымен, жол көлік оқиғасы орын алған жердің сызбасымен, автокөлікті қарау хаттамаларымен, жәбірленушінің жауаптарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен дәлелін табады. Сот қаулысымен құқық бұзушы Н.И. Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 610-бабы 3-бөлігімен және 611-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 490 080 теңге әкімшілік айыппұл салынды.