Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Ұлы қазақ даласының билігінің белгілі дара тұлғалары – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға үлкен назар аударғандығы баршамызға белгілі. Бүгінде Түркістан облысына қарасты Кентау қалалық сотында талап қоюшы А. жауапкер А.-ға араларындағы заңды некені бұзу туралы талап қоюмен арызданған, арызында талапкер А. 2016 жылы заңды неке тұрғандарын, осы некеден кәмелет жасына толмаған ортақ 4 балалары бар екенін, қазіргі таңда жауапкерден бөлек тұратынын көрсеткен. Сот азаматтық істі қарау барысында тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келіп, медиация туралы келісім бекітілді. Аталған келісім бойынша жауапкер А. отбасын сақтап қалуға міндеттеніп, ал талап қоюшы А. некені бұзу туралы талап қою арызынан бас тартып, соттан іс жүргізуді тоқтатуды сұраған. Сот аталған азаматтық істі медиациялық келісім бойынша өндірістен тоқтату туралы ұйғарым шығарды. Ұйғарым заңды үшіне енген жоқ.