Рио олимпиадасының дабыры әлі басылған жоқ. Ел мерейін асырған алыптарымызды құрметтеу, сый сияпат жасау әлі де жалғасын тауып жатыр. Күміс қызымыз Жазира Жаппарқұл облыс әкімінің қолынан екі бөлмелі пәтердің кілті мен джип көлігін алса, түркістандықтар мен отырарлықтар да чемпион қызға темір тұлпардың кілтін тапсырды. Бұдан бөлек Рио олимпиадасына қатысқан басқа спортшыларға да барынша құрмет көрсетуде. Жас болғанымен болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшыларымызға жуырда тағы да бір тарту жасалды. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттікуниверситеті басшылығы Рио олимпиадасына қатысқан спортшыларға қолдау білдіру мақсатында, тегін білім грантын ұсынды. Университет гранты республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпаздарына білім күніне арналған салтанатты жиында табысталды. Енді Рио төріндегі байрақты бәсекеге қатысқан көркем гимнастшы Сабина Әшірбаева мен Селина Жұматаева және дзюдоист Жансұлтан Баубекұлы аталған оқу орнында «Денешынықтыру және спорт» мамандықтарына оқитын болады. Чемпиондар университет басшылығына шексіз алғыстарын жеткізді. Осы уақытқа дейін талай саңлақ спортшы осы білім ордасынан қанат қаққан болатын. Енді міне, тағы да бір талантты толқын келіп қосылды. Студент атанған 17 жастағы Сабина Әшірбаева университет басшылығының бұл қамқорлығына алғысын айтып, алдағы уақытта үміттерін ақтауға тырысатындарын жеткізді. Ол жаттығулардан қол үзбей, сонымен қатар сапалы білім алуға тырысатынын жеткізді. Сабина Әшірбаева, көркем гимнастшы: «Мұндай үлкен қолдауға шынымды айтсам өте қуаныштымын. Спортшыларға барынша қолдау білдіріп жатыр. Бұл біз үшін маңызды. Сенім үдесінен шығуға тырысамыз. Сабағымнан қалмауға тырысамын. Жаттығуларды да үзбеймін. Өйткені, студент атанудың өзі бір жауапкершілік. Жаңа белес, жаңа тыныс. Сондықтан алғыс айтамын». Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында көркем гимнастикадан ел намысын қорғаған Сабина Әшірбаева 15-ші орын иеленген болатын. Іріктеу кезеңінде екі жаттығудың қорытындысы бойынша (доп және шеңбер) Сәбина 34,466 ұпай иеленген еді. Сабина Әшірбаева — Көркем гимнастикадан ел тарихында 17 жасында Олимпиадаға жолдама жеңіп алған спортшы. Ол Рио-де-Жанейрода өткен лицензиялық турнирде нормативті орындады. Бапкері Қазақстанның атын әлемге танытқан прима Әлия Юсупова. Кезінде ұстазы Сабинаның болашағынан көп үміт күтетінін айтқан болатын. Бүгінде Сабина ұстазының үмітін ақтау үшін барын салып жүр. Әлия Юсупованың жетістіктерінен кейін бүгінде осы спорт түріне қызығатындардың қатары артқан. Бүгінде көркем гимнастикамен шұғылданғысы келетіндер үшін бар жағдай жасалған. Жаңа ғимараттағы залдың іші кең, жылы әрі жайлы. Бұл спорт кешенінің бой көтеруіне де кезінде Әлия Юсупова мұрындық болған еді. Қазір дарынды қыздарды облысымыздың бас жаттықтырушысы Лола Әділбекова жаттықтыруда. Бұдан бөлек, Оксана Разанова, Ольга Завальная, Ольга Смирнова, Екатерина Огонян секілді мықты ұстаздар балаларды гимнастикаға баулиды. Ал Қазақстанның құрама командасында ересектер арасында Сабина Әшірбаева, Әлия Асымова, Селина Жұматаева, Айдана Сарыбай секілді спортшылардың болашағы зор. Мәскеу, Финляндия, Португалия, Францияда, Италияда өткен жарыстарда гимнастшы қыздарымыз үлкен жетістіктерге жеткен болатын. Әсіресе Сабина Әшірбаеваның қол жеткізген толағай табыстарының өзі бір төбе. Мүмкіндігі мол, жаттығуларды жібермей дайындалатын спортшы әлемдік деңгейдегі төрешілердің өзін таңдай қақтырып жүр. Әрине мұның бәріне де ұстазы Әлия Мақсұтқызының қосқан үлесі зор. Сабина да ұстазының артқан сенімін ақтау үшін барын салып жүр. Рио олипиадасынан кейін де әлі де тала белес бар. Сабинаның ендігі арманы Токио олимпиадасында топ жару. Ол үшін ұстазы Сабинаның мүмкіндігі мол екендігін айтуда.