Медицинаның дамып, көптеген ауруды алдын алу мүмкін болып жатса да, адамзаттың ырқына көнбеген ауыр дерттердің бары жасырын емес. Қайғыңмен бөліссең азаяды демекші, тығырыққа тірелген адамның жанынан табылып, барынша қолдау білдіру, біз қозғағалы тұрған «паллиативті ем» тақырыбының басты мақсаты. Елімізде жүйелі түрде қолға алынып, науқасқа қалыпты өмір сыйлайтын медицинаның бұл саласы биылдан бастап өңірімізде алғашқы болып Түлкібас ауданында ашылды. Бүгінде бұл бөлімде 14 адам қызмет атқарады. 1-дәрігер, 1-психолог дәрігер, 6-медбике мен 6-тазалыққа жауапты қызметкер және 10 төсек орын қарастырылған. «Паллиативті көмек – ем қонбайтын созылмалы ауруларға, әрине соның ішінде онкологиялық науқастарға қолданылады. Біздің жұмысымыздың басты мақсаты төртінші клиникалық топтағы науқастардың өмірінің соңғы кезеңдерін қиындық пен азапсыз өткізіп, өмір сүру сапасын және жалпы жай-күйін жақсартуға бағытталған»-дейді, бөлімнің меңгерушісі Бектемісов Еркебұлан Құрманқалиұлы . Өмірдің қиыншылығымен арпаласып жүрген жандарға арқау болып жүрген ақ халатты абзал жандардың көмегіне жыл басынан бері 40-тан астам науқас жүгініп, бүгінгі таңда 20 тиісті емін алып, алғысын жеткізген. Қалай десек те паллиативті ем дәрігерлердің де, науқастың туыстарының да қолынан келетін соңғы амалы. Оның түпкі себебі аурудың ерте кезде анықталмауы екені түсінікті. Сол себепті күйзеліске, шектен тыс қобалжуларға салынбау, психоэмоционалдық жағдайды бақылауда ұстау керек. Зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстап, пайдалы іспен айналысу денсаулыққа жағымды әсер беретінін санада ұстау қажет.