Рио олимпиадасында еліміздің мерейін аспандатып, алтынға бергісіз күміс медаль еншілеген Жазира Жаппарқұлды жерлестері аяғын жерге тигізбей марапаттап жатыр. Ел абыройын аспандатқан олимпиадада тұңғыш рет медаль еншілеген чемпион қызымыз қандай мақтауыңызға да, қандай марапатыңызға да лайық, әрине. Риодан оралысымен әлі дұрыстап тыныға да алмаған чемпионның бір күні де бос емес. Қуанышын бөліспекке асыққан шалғай шеттегі ағайындармен кездесуден қолы босамай жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысының шалғайдағы аудандарына дейін күміс қызды шақырып, ат мінгізіп, құттықтап жатыр. Жуырда сондай марапаттауды Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері де жалғастырды. Басқосуға ішкі істер департаментінің жеке құрамы жиналды. Спортшы қызды керемет жеңісімен құттықтаған департамент бастығы, полиция полковнигі Жанат Сулейменов Жазираға «Динамо ДШСО — 90 жыл» медалін, теледидар және өзге де бағалы сыйлықтар тапсырды. Облыстың бас полицейі чемпионға сәттілік, спорттағы беделінің жарқын болуын тіледі. Өз кезегінде Жазира Жаппарқұл полицейлерге алғысын білдірді. Олимпиададағы толқыған сәттерін, бұл жеңістің оңайлықпен келмегендігін әңгімеледі. Әлемді тамсандырған чемпион болса да қарапайымдылығынан айнымаған ақкөңіл Жазираның кездесуі ерекше өтті. Зал толы тәртіп сақшылары жеңімпаз қазақ қызының қайсарлығына тәнті болды. Кездесуден соң полицейлер спортшымен емін-жарқын әңгіме дүкен құрып, естелік суреттерге түсті.
Связанные истории
30.09.2017
41890