Бүгінде елімізде түрлі жауынгерлік күрес түрлері қарқынды дамып келеді. Әсіресе жекпе-жектiң джиткундо деп аталатын түрiне қызығушылар саны артып отыр. Бұл күрес түрінің сан қырлы құпиясын меңгеруге деген құштарлығы басым спортшылар оның дамуына мол үлес қосуда. Бүгінде облыс орталығында осы спорт түрінен көптеген секциялар жұмыс істейді. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының орталығында жекпе-жектiң джиткундо деп аталатын түрiнен Азияның ашық бiрiншiлiгi өттi. Айтулы додаға Орта Азия елдерінен және Ресейден мықты спортшылар қатысты. Джиткундоның түрлі айла тәсілдерін жетік меңгерген спортшылар сайдың тасындай іріктелген кілең мықтылар. Олар өздерінің мықты дайындықта екендіктерін бірінші айналымда-ақ байқатқан болатын. Осы сайысқа Оңтүстік Қазақстан облысынан дайындығы жоғары, салмағы ауыр саңлақ спортшылар көптеп қатысты. Облыс орталығының тұрғыны 37 жастағы Ерғали Қосуақов өз салмағында ешкімді өзіне тең келтірмей, чемпион атанды. Жерлесiмiз бұл жарыста 6 жекпе-жек өткiзiп, бәрiнде жеңiске жеттi. Әсiресе, соңғы секіріс финалдағы қарсыласы тым мықты болатын. Дегенмен бұлшық еттері бұлаңдаған жерлесіміз Кавказдан келген жап-жас спортшыны басымдықпен жеңіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Қажымұқандай алыптарды дүниеге әкелген киелі топырақта өскен оңтүстіктің атпал спортшыларының мерейі әрдайым үстем ғой. Спорттың бірнеше түрімен айналысқан Ерғали ақыры джиткундоның мықты спорт түрі екенін мойындап осы спорт түрімен тұрақты айналысып келеді. Жекпе-жектің өзгеше түрі джиткундоға бүгінде қызығушылар көп.