Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы барысында қала аумағындағы көпқабатты үй аулаларының бірінде аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын өзімен бірге сақтап, тасымалдап алып жүрген 27 жастағы жігітті құрықтады. Жеке тінту барысында ер азаматтың қалтасынан 25 дана полиэтиленді пакетке салынған ақ түсті ұнтақ тәріздес есірткіге ұқсас зат тәркіленіп алынды. Сонымен қатар, аталған азамат жалдамалы пәтерде тұратыны анықталып, ол жерді тексеру барысында, полиэтиленді пакеттерге оралған есірткі заттары анықталған. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар салмағы 368 грамды құрайтын «гашиш» екені расталды. Жайт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 297-бабы 1-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Полиция қызметкерлері есірткімен байланысты заңсыз әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке алып келетінін ескертеді.