Бүгін Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында жомарт жандардың қолдауымен ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған іс-шара өтті. Қасиетті Рамазан айында өткен іс-шара аясында 13 бүлдіршінге өз армандарын жазған хаттары бойынша сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. Игі шараға Облыстық жастар орталығының мамандары мен Түркістан қалалық мәдениет бөлімінің өнерпаздары да атсалысып, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қала әкімдігінің қолдауымен балалар саябаққа саяхат жасап, туған шаһардың көрікті орындарымен танысты. Іс-шараны ұйымдастырудың мақсаты – ерекше балалардың қарапайым армандарын орындау арқылы өмірге деген қызығушылықтарын арттыру, қоғамда елеусіз қалмайтындарын, әрқашан көмекке келетін жақсы адамдардың бар екенін жеткізу. Жоба ұйымдастырушы Әсел Бимырзаева қолдау білдірген жандарға алғысын білдіріп, қолдаушылар бар кезде жоба жалғасатынын жеткізді. – Ерекше балаларға көмектесіп, оларға мұқият және сезімтал болуымыз керек. Баланың әр күлкісі – біз үшін сый. Мен мұндай балаларға өздеріне сену және қоғамның толыққанды мүшесі болу үшін басқаларға қарағанда ерекше қарым-қатынас, қолдау қажет деп санаймын. Сондықтан ерекше балаларды өмірге құлшындырып, күш беріп, оларға мейірімді болайық, – деді жоба ұйымдастырушысы. Айта кетейік, «Армандар орындалады» жобасы 2022 жылы басталып, 6 рет өткізілген. Жоба аясында 70 баланың арман-тілектері орындалды. Игі шара қайырымды жандардың ниет білдіруімен биыл да жалғасын тауып жатыр.