Аудан әкімі Төлеген Телғараевтың кезекті кездесуі Жоғарғы Ақсу ауылдық округінде жалғасын тапты. Жаңа форматтағы кездесуде аудан басшысы округ аумағында жүзеге асқан жұмыстар барысымен, алғашқы кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді. Жалпы, округ аумағындағы облыстық маңызы бар жолдар 12,9 шақырымды құраса, оның қанағаттанарлық – 94,1 %, ал, елді мекеннің ішкі көшелері 13,71 шақырым болса, жарамдылығы – 96,94. Жылдың басында өткен кездесуде округ тұрғындары маңызды 2 мәселе көтерді. Сол мәселелерді шешу бойынша іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде, атап айтқанда: 1. Заманауи талапқа сай спорт кешендерін салуға бюджеттен қомақты қаржыны бірден қарастыру мүмкін еместігі, сондықтан облыстық басқармалармен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқаны, келешекте салынатын болады. 2. Сарқырама елді мекеніндегі мектептің жобалық қуаты 264 орын. Оқушылар саны 245. Салынған жылы 2006. Бір ауысымдағы толымдылығы орындалмай тұр. Яғни, заң талаптарына сәйкес, мектепті кеңейту қажеттілігі жоқ. Күрделі жөндеуден өткізу үшін жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Сараптамадан өтіп, қаржыландырылған жағдайда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Биылғы жылы Сарқырама елді мекеніндегі 0,415 шақырым Теріскей көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мамыр айына дейін «Жарық жол» мекемесі тарапынан асфальт төселеді. Мәдени елді мекеніне кіре беріс көпірді күрделі жөндеуден өткізу үшін Түркістан облысының жолдар басқармасы арқылы жобалау — сметалық құжаты әзірленуде, жоба мемлекеттік сараптама қарауында. 2023 жылы қаржыландыруға бюджеттік өтінім берілді. Округ аумағындағы газ құбырларының жалпы ұзындығы — 35,1 шақырым. Абонент саны – 410 үй, ГРПШ саны — 345 дана. Газ қызметі бойынша туындап отырған мәселе — Сарқырама және Мәдени елді мекендеріне газ жеткізу қызметі тұрғындардың келісімімен «ҚазТрансГазАймақ», АҚ меншігіне берілді. Мәдени елді мекеніндегі аузы су құбырының ішкі жүйелерін жаңартуға жобалау-сметалық құжаты әзірленеді. Электр жүйесінің жалпы ұзындығы – 14,840 ш.қ немес тозуы 0 %. Округ құрамындағы екі елді мекендегі түнгі жарықтың жалпы ұзындығы 5,5 шақырым, 6,8 шақырымға аяқжол салынған. Мәдени елді мекеніндегі С.Тлеуов, Бәйшешек көшелеріне 2,50 шақырым суағар (лоток) орнату үшін қаржы қаралды. Осы елді мекеннің С.Тлеуов, С.Бастықов және Ақсу Жаға көшесінің 2,88 шақырымына түнгі жарық орнату үшін бюджеттік өтінім берілді. Кездесу сұрақ-жауап форматында өтіп, аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы айтылған мәселелердің барлығы орынды екенін айтып, жергілікті халықтың кәсіпкерлік, ауыл шаруашылық саласына ден қоюы жөнінде түсіндіріп өтті. Округке инвестиция тарту арқылы халықты жұмыспен қамтамасыз ету — атқарушы биліктің міндеті. Әкімнің міндеті — халықпен кездесу, мұңын тыңдау. Өзінің құзыреті аясында сол мәселелерді шешу үшін шаралар қабылдау. Ал, әкімдердің нәтижелі еңбек етуі халықтың қолдауына байланысты. Сондықтан, елді мекенде қолға алынған жобаларды бірлесе отырып атқарып, жұмысты жандандыру керектігін жеткізді. Кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Хамзаұлы, мәслихат депутаты Мұхтар Бастықов қатысып, сайлауалды бағдарламалар аясында халық алдына берген уәделер үдесінен шығу үшін еңбек ететіндіктерін айтты. «Бізге саяси додада халық сенім артып, дауыс берді, оны өз ісімізбен, жемісті жұмысымызбен ақтауға тиіспіз. Мерзімінен бұрын сайлауды жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық өміріне өз ықпалын күшейтеді деген үлкен және шынайы үмітпен Мемлекет басшысы тағайындады. Президенттің батыл саяси қадамына ерекше назар аудара отырып, жерлестеріміздің өмір сүру жағдайын жақсарту үшін бар күшімізді саламыз», деді өз сөзінде мәслихат төрағасы Нұрлан Хамзаұлы.