Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысының жастары арасында ең сүйікті спорт түрі футбол екен. Бүгінде аталған спорт түріне қызығушылық танытатын балалар да, жастар да көп. Арнайы спорт кешендерінде де, ақылы спорт алаңшаларында да қашанда доп теуіп жүргендерді көруге болады. Облыс орталығында жуырда 2004 жылы туылған футболшылар арасында халықаралық турнир өтті. Оған 8 команда қатысты. 2 топқа бөлінген командалар апта бойы өзара мықтыны анықтады. Осы турнирге Ташкенттің «Бунедкор» клубының жас футболшылары да арнайы шақырылған болатын. Көрші елдің аяқдопшылары жартылай финалда Шымкент қаласының №3 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебiнің тәрбиеленушілеріне қарсы алаңға шықты. Ойын алдын ала күтілгендей қызықты өтіп, онда «Бунедкор» командасы 2:0 есебімен жеңіске жетті. Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қазақстандық жас футболшылар физикалық жағынан мықты болса, өзбекстандық футболшылар тактика жағынан қамшы салдырмайтынын байқатты. Екінші жартылай финал ойыны да қызықты өтті. Онда Арыс қаласының футболшылары Шымкенттің өзге командасы № 7 футбол мектебінің жеңіліп қалды. Әрине жарыс болған соң, жеңіс бар, жеңіліс бар. Жас футболшылардың жеңіске деген құлшынысы керемет. Жеңімпаз командалар мерейі үстем болса, жеңілген команданың жас ойыншылары алдағы уақытта жеңіс тұғырынан крінетіндіктеріне бек сенімді.