Түркістан облысына қарасты Созақ ауданындағы Шу өзені суының аудан аумағына келіп жайылуын қамтамасыз ету аудан үшін ең өзекті мәселенің бірі. Былтырғы жылдан бастап «Тасөткел» су қоймасынан Шу өзенінің төменгі арнасына экологиялық су тастау өткен жылдармен салыстырғанда азая бастаған. 2022 жылдың қазан айының 14 жұлдызынан бастап «Тасөткел» су қоймасынан 14.10 /46/ текше метр, 25-26.10 /79/ текше метр, 08-20.11 /108/ текше метр, 23-29.11 /135/ текше метр, 1.12-17.01.23 жыл /80/ текше метр, 02.02 – бүгінгі күнге дейін /50/ текше метр су Жамбыл облысының Шу,Мойынқұм,Сарысу аудандарына және Созақ ауданына қарай босатылған. Сонау қырғыз Алатауынан бастау алатын Шу өзені Жамбыл облысының Шу, Мойынқұм, Сарысу аудандарының аумағын басып біздің аудан шекарасына дейін 448 шақырымды ағып ауданның шекарасына жетеді. Аудан тарапынан жасалған сұраныстарға қарамастан экологиялық су тастау көлемі жеткілікті дәрежеде көбейтілмеген соң аудан әкімі М.Тұрысбековтың қозғау салуымен құрылған құрамында аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Мейірманов, Жуантөбе ауылдық округінің еңбек ардагері С.Жанұзақов, Созақ ауылдық округінің тұрғыны Су шаруашылығының ардагері Ж.Ермекбаев, Тасты Шу ауылдық округтерінің әкімдері М.Тілеулинов, Д.Досымбеков, «ҚАЗСУШАР» РМК ТФ Созақ өндірістік бөлімінің басшысы Қ.Тастыбаев бар арнайы жұмыс тобы 2023 жылы 3-4 рет Шу өзенін жағалап Жамбыл облысы Шу өзенінің төменгі арнасына экологиялық су тастау мен Шу өзені суының қозғалысына бақылау жүргізіп қайтты. Осы жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесінде Шу өзені аудан шекарасына ағымдағы жылы былтырғы жылға қарағанда 16 күнге жуық ерте ауданымызға келді! Тараз-Шу бассейндік инспекциясының мамандарының мәліметі бойынша «Тасөткел» су қоймасынан қазіргі таңға дейін 1 млрд 800 млн текше метр су Созақ ауданы бағытына тасталынған.