Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамығаны белгілі. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласындағы мал шаруашылығын дамыту үшін аз пайызбен несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар көп. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның басқарма Төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі Айдын Досқараевтың айтуынша 2023 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға қарасты «КазАгроФинанс» АҚ-ның несиелік портфелі 1,5 триллион теңгеден асқанын сөз етті. Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қаржылық қолдау мәселелері басты назарда тұр. Атап айтар болсақ, биылғы жылы Аграрлық несие корпорациясы Шымкент қаласы мен Түркістан облысының ауыл шаруашылығын дамытуға биылғы жылдың соңына дейін 21 миллиард теңге бөлуді жоспарлағанымен, бүгінге дейін 22 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Бұл ретте «Кең дала» бағдарламасы бойынша қаржыландыру аясында 2,5 млрд теңге бөлу жоспарланғанымен, облыстағы мақта өсірумен айналысатын шаруалардың өтініштері бойынша, қаржыландыруды 9,5 млрд теңгеге дейін көбейтті. Сонымен бірге, фермерлермен кездесу барысында А.Досқараев «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қолдайтын негізгі бағыттары: тікелей несиелеу, ЕДБ, МҚҰ және лизингтік компаниялар және несие серіктестерін қаржыландыру екенін еске сала отырып, олардың саны Түркістан облысы бойыншп 20 КТ екенін де айта кетті. Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында ұсынылып отырған «Кең дала», «Іскер», «Агробизнес» несиелендіру бағдарламаларын және жастарға арналған жеңілдетілген шағын несиелендірудің шарттарымен де таныстырды.