Елімізде Ұстаздар күнін атап өту – 5 қазанға бекітілді. Бұл күн Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілген. Мереке ең асыл, жауапты әрі маңызды мамандық өкілдерін біріктіреді. Осы орайда білім саласы қызметкерлерін төл мерекелері — Мұғалімдер күнімен құттықтаймын! Сіздердің мамандықтарыңыз елдегі ең қадірлі, ең мерейлі әрі аса жауапты қызмет болып табылады. Себебі, Қазақстанның болашағы сіздердің қолдарыңызда. Баланың болашағы, оқуда қандай жетістікке жететіні, өмірде қаншалықты табысты, іскер болатыны тікелей тәлімгерге байланысты. Қазіргі таңда Түркістан облысына қарасты Келес ауданында мектептерде 3860, мектепке дейінгі ұйымдарда 1059 педагог жұмыс істейді. Мұғалімдердің кәсіби дамуын арттыру үшін ауданымызда 17 жетекші мектеп 46 серіктес мектеп бар. Аудандағы жетекші мектептер оқу-әдістемелік, ғылыми-практикалық, тәжірибелік әдістемелік қолдау шараларын үздіксіз жүргізеді. Мұғалімдер 2023 жылы оқушылардың ғылыми-жаратылыстану және оқу сауаттылығын, сындарлы ойлауын дамыту, креативті ойлауын дамыту бойынша пән мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту мақсатында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында» – 698 мұғалім, «Назарбаев Зияткерлік мектептер» Педагогикалық шеберлік орталығының базасында – 200 ден аса мұғалім өз біліктіліктерін арттырды.