Түркістан облысы Шардара аудандық білім бөліміне қарасты «№2 Ж.Жабаев атындағы бастауыш мектебі» КММ –де ұлағатты ұстаздар еңбек етеді. Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Сабирова Калбиби Сабырқызы 1989 жылдан бастап Мақтаарал ауданы Асық ата кенті А.П.Чехов атындағы жалпы білім беретін мектепте, 1996 жылдан бастап №2 Ж.Жабаев бастауыш мектебінде сынып жетекші болып қызмет етіп келеді. Білімі жоғары санатты, педагог — зерттеуші. Ол еңбек жолында талай жетістіктерге жетіп, мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық сайыстар мен байқауларға қатысып, мектептің мәртебесін көтеріп жүрген ізденімпаз ұстаз. Оқушылары бірнеше рет аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалар мен байқаулардан жүлделі орындар мен алғыс хаттар иемденген. Мұғалімнің негізгі мақсаты — оқушылардың шығармашылық қабілетін, өздік танымдық біліктілігін дамыта отырып, білім сапасын арттыруды ұйымдастыру. Білімі мен өнегесін балаларға арнап, бойындағы бар күш — жүгерін шәкірт тәрбиелеуге жұмсайды. Педагог кәсіби шеберлікке жету өз мамандығының данышпаны болу бір күнде пайда болатын дүние еместігін жақсы түсінген, 33 жылдық тәжірибесі болса да үнемі ізденісте. Мектепте өз бойындағы еңбекқорлығымен, білім беруге деген адалдығымен, жаңашылдығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен, жауапкершілігімен ерекшеленеді. Оқушылардың білім сапасын көтеру мақсатында ақпараттық — коммуникативтік технологияны кеңінен пайдаланылады. Әріптестеріне, әсіресе жас мамандарға көмегін аямайды. Білім көрсеткіштері сыныбы бойынша жоғары. Қалбибі апай 33 жылға жуық білім саласын жандандыруға өз үлесін қосып келеді. Ұлағатты ұстаздың өлшеусіз еңбегі, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан шәкірттері бүгінгі таңда жоғары бағаланып жүр. Алған мақтау, марапат, алғыс хаттарын тізетін болсақ, өз алдына бір төбе. Шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық олимпиада мен байқауларға қатысып марапатқа ие болса, өзі жалпы орта білім беру ұйымдары педагог қызметкерлерінің педагогикалық шеберлігін дамыту, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында өткізілген «Пән олимпиадасының үздік педагогы — 2022» байқауының ІІ орын иегері, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі игілікті істері және ұлағатты ұстаздық жолындағы шығармашылық ізденістері арқасында өз шеберлігін, біліктілігін жоғары дәрежеде танытқаны үшін облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталған.