2023 жылдың 5 қазанында Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданының білім бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық ұстаздар мерекесі аталып өтті. Мерекеге Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Берік Нұрғалиұлы, мәслихат төрағасы Асқар Оразханұлы, «Аманат» партиясы Бәйдібек аудандық филиалының төрағасы Ақбала Аманбайқызы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, аймақтық, облыстық «Оңтүстік ұстаздары» газетінің редакторы Серікбай Дәулетбайұлы, білім бөлімінің басшысы Ерболат Аманұлы, ардагер ұстаздар және аудандық БАҚ өкілдері қатысты. Келген қонақтар мерекеге жиылған ұстаздарды құттықтап, ыстық лебіздерін арнады. «Ұстаздық – ұлы құрмет. Болашақтың басшысын да данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де, ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – мұғалім» деп, ауданымыздың мерейін облыстан, республикадан үстем етіп, шәкірттері биік белестерден көрінген, ұстаздық жолында, шәкірт тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп, тер төккен ардақты ұстаздар тиісінше облыстық, аудандық әкімдіктің, мәслихаттың, «Amanat» партиясының, кәсіподақ ұйымының, білім басқармасының, бөлім бөлімінің «Құрмет грамоталарымен», «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Іс-шара барысында өнер мектебінің мұғалімдері мен өнерлі шәкірттері концерттік бағдарламаларын ұсынып, аудан педагогтерінің мерекелік көңіл-күйлерін көтеріңкі етті. Мерекелік іс-шара «Ұстазым» әнімен қорытындыланды.