Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлын қабылдаған болатын. Кездесу барысында мемлекеттік тілді нығайту ісіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Президент қазақ тілін одан әрі дамыту тақырыбы әрқашан мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып қала беретінін айтты. Ең алдымен, қазақ тілінің қолданыс аясын арттыруға бағытталған практикалық жұмыстарға басымдық беру жөн деді. Бұдан бөлек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамын мемлекеттік тілді ғылым мен техника тіліне айналдыру бағытында жұмыс жүргізуге шақырды. Сондай-ақ Президент балаларға арналған анимациялық туындылар шығарудың, көпшілікке арналған кино өнімдері мен ғылыми-танымдық әдебиеттер қорын молайтудың, әлеуметтік желілерде ағартушылық бағыттағы арналар ашудың маңыздылығына назар аударды. Оған қоса ғаламдық цифрлық платформаларды қазақшалап, тіл үйренуге мүмкіндік беретін отандық ақпараттық жүйелерді көбейту қажеттігін атап көрсетті. Өз кезегінде Рауан Кенжеханұлы қордың бастамасымен жүзеге асырылған жобалар мен алдағы жоспары жайында мәлімет берді. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны һәм айнасы. Тіл мәселесі – бір адамның ғана емес, барша қазақ ұлтының мәселесі. Ұлт жанашары А.Байтұрсынов: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» — деген екен. Ғалам көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатырғанда мемлекеттік тілмен қатар шет елдердің де тілін жете меңгеру әр қазақстандықтың күн тәртібіндегі мәселе болғаны абзал. «Өзге тілдің бәрін біліп, өз тілімізді құрметтесек», тіліміздің мәртебесін асыруды әрбір жан мықтап қолға алса, еліміз гүлденіп, Отанымыздың іргесі берік болатыны ақиқат. Бүгінде осы бағытта өңірлерде түрлі бағытта ауқымды жұмыстар атқаруда. Теңіздің қасындағы тамшыдай болса да аудандық бөлімдер барынша қолдау көрсетуде. Бүгін Түркістан облысына қарасты Отырар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Тіл ашар» клубының мүшелерімен «Үш тілдің тұғыры» тақырыбында сайыс сабақ өтті. Шараның басты мақсаты — тіл саясатын дамыту болып табылады. Осы бағытта орыс, ағылшын тілдерінде әр түрлі тапсырмалар арқылы тыңдаушылардың тілдерін жаттықтыру, алған білімдерін бекіту, ағылшын, орыс тілдері әлемдік тілдер қатарына жататындықтан қызметкерлерге олардың маңыздылығын сезіндіру, ұғындыру болып табылады. Сабақ барысында мекеме қызметкерлері үш тіл саясаты жайлы өз ойларын ортаға салып, үш тілдің артықшылары мен қиыншылықтары жайлы өзара пікірталас жүргізіп, үш тілде мақал- мәтелдер айтып, түрлі тапсырмалар орындады.