Түркістан облысына қарасты Ордабасы аудандық орталық кітапханасы оқу мәдениетін насихаттау, оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын ояту мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіп тұрады. Жуырда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы, суретші Шәкен Ниязбековтың туғанына 85 жыл толуына орай көрнекі кеш өткізді. Қазақ сурет өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Мемлекеттік туының авторының өмір жолы туралы сыр шертті. Қылқалам шеберінің қолынан шыққан байрағымызды президенттер сүйіп, ант береді, тағзым етіп бас иеді. Спортшыларымыз төрткүл дүниені мойындатқан сәтте жалауымыз желбірейді. Оқырмандарды аса маңызды мемлекеттік белгілер — рәміздермен жан — жақты таныстыру, ұлттық рәміздердің әрбір бөлшектеріне, халқымыздың өткені мен бүгінгі күндеріне қысқаша шолу жасау мақсатында «Қылқалам шебері» атты танымдық сағат өтті. Бұдан кейін аудандық орталық кітапхананың көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға қызмет көрсететін бөлімі аудандық соқырлар қоғамы Халықаралық қарттар күніне орай «Аталар сөзі – ақылдың көзі» атты әдеби сайыс өткізді. Сайыста өз білімдерін көрсетіп, белсенділік танытқан жеңімпаз оқырмандар арнайы сыйлықтарға ие болды. Тұрақты оқырмандар О.Төребай, М.Қалменов, З.Иманберді. М.Жұманов өлең оқып, әуелете ән шырқады. Аудандық соқырлар қоғамының төрайымы А.Сейілбек қарияларды мерекемен құттықтап, сый-сияпат жасады. Шараға барысында кітап көрмесі, слайд жасалып, оқырмандар назарына ұсынылды.