Түркістан облысындағы Жұмабек Тәшенев университетінің ғылым жөніндегі проректоры Шолпан Жақсылыққызы Арзымбетова мен университеттің академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің директоры Әлия Құрбанқызы Оралбекова Елордада өтіп жатқан Nobel Fest және Teacher’s Sammit алтыншы халықаралық форумының жұмысына қатысуда. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін форум білім, ғылым және инновация салалары бойынша әлемде өзіндік орны бар маңызды басқосу санатында аталады. Форум мінберінен Нобель сыйлығының лауреаттары, әлемдік деңгейдегі сарапшылар, білім мен ғылымды арқау еткен беделді халықаралық ұйымдардың жетекшілері, инновациялар бойынша алдыңғы қатарлы технологиялық компаниялардың өкілдері, дүниежүзіне танымал ізденушілер мен ғылыми жаңалық енгізушілер сөз алып, білім, ғылым, инновациялар мен технологиялар салаларындағы соңғы жаңалықтар мен жетістіктер туралы баяндайды. Форум жұмысына қатысу арқылы отандық ғалымдар мен жоғары оқу орындары әлемнің озық ойлы сарапшыларымен ғылыми байланыстар орнатуға мүмкіндік алып, олардың жұмыс тәжірибесін, әлемдегі ғылым мен білімнің дамуына қосқан үлесін, жаңашылдығын зерделеуге, одан тәлім алуға ұмтылады. Nobel Fest форумынан Тәшенев университетінің өкілдері жасанды интеллектінің ғылым мен білім саласындағы өріс алу тенденциясымен танысып, жаңа трендтерді игеруде адамзат миының бұған дейін беймәлім болып келген ерекше қабілетін танып, білді. Әлем ғалымдары айтып жүрген цифрлық әлеуеттің таяу келешекті өзгертуге басқан қадамын ғылыми тұрғыдағы дәлелдерден көрді.