Түркістан облысындағы Tashenev University педагогика және жаратылыстану факультетінде арнайы мәжіліс өтті. Жұмыс жиыны университеттің әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ғалымжан Битұрсынның төрағалығымен өтіп, онда білім, ғылым, тәрбие жұмыстарына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Жиынға факультет деканы, кафедра меңгерушілері, топ басшылары, аға тәлімгерлер мен пән оқытушылары қатысты. Мәжіліс барысында студенттер арасындағы өзін-өзі басқару құрылымдық жүйелері – тәрбие мен білім беру ісін тиімді ұйымдастырудың тетігі екені айтылып, оқу орнымызға жаңадан қабылданған бірінші курс студенттерін топтарға бөлу жұмыстарының атқарылу барысы сараланды. Белсенді студенттер ішінен топ басшыларын бекітіп, университетішілік ұйымдастыру жұмыстарына тарту басымдықтары белгіленді. Бұдан бөлек студенттердің ғылыми жұмыстармен айналысуына барынша жағдай жасау қарастырылды. Ондай жағдайда студенттердің қазақстандық ғылымды дамытуға қосар үлесі қомақты болмақ. Тәжірибелі оқытушылар санатынан студенттік топтарға тәлімгерлерді тағайындау бастамасы білім алушылардың сабаққа қатысуын белсенді қадағалауға жәрдемші болатыны түсіндірілді. Сондай-ақ білім алушылар топтарын басқарудың мұндай нысандары студенттер арасындағы өзекті мәселелерді айқындауға, жатақханаға қатысты мәселелерді белгілеп шешуге оң ықпал ететіні сөз болды. Жиын барысында бірінші курс студенттері мен университетке басқа оқу орындарынан ауысып келген білім алушыларға ішкі тәртіп ережелері түсіндірілді. Университеттің тәрбие жұмыстарына қатысты жоспарын талқылау барысында университетішілік «Үздік тәлімгер» конкурсы өтетіні хабарланып, жоғары оқу орнының құрылғанына 25 жыл толуына орай арнайы іс-шаралар жоспары қабылданатыны мәлімделді. Жиынға қатысушылар көтерілген мәселелер бойынша қосымша ұсыныс-пікірлерін білдірді.