Білім беруді дамытудан бөлек оқушыларға өз өнерлерін шыңдап, шығармашылықпен айналысуына барынша қолдау көрсетіліп келеді. Жуырда Түркістан облысына қарасты Ордабасы аудандық білім бөліміне қарасты білім беру мекемелеріндегі 8-11 сынып оқушылары арасында “Ақберен” өнер байқауы өткізілді. Байқау мақсаты шығармашыл оқушылардың қабілетін ашу, өлең жазу, тапқырлық қырын, дарындылығын таныту,түрлі ұлттық аспапта ойнау, шешендік сөздердің тарихын, би-шешендердің мұрасын білу, ойының тапқырлығын анықтау. Байқау 6 номинация бойынша ұйымдастырылды: 1.Шешендік білгірлік сайысы (қазақ тарихы, мәдениеті, фольклоры туралы сұрақтарға жауап беру, шешендік өнер тарихын білу, шешен сөйлеу); 2.Көркемсөз оқу (поэзия, проза, драмалық шығармалардан үзінді); 3.Эсса жазу; 4.Ұлттық аспапта өнер көрсету (домбыра, қобыз,жетіген және т.б); 5.Ақындар айтысы; 6.Ақындар мүшәйрасы; Байқау қорытындысы бойынша Зерде жалпы білім беретін мектеп оқушысы Тасболатова Әсем, Н.Нысанбайұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп оқушысы Әмір Өмірзақ, С.Сейфуллин атындағы жалпы білім беретін мектеп оқушысы Мәжит Айдана, Ө.Тұрманжанов атындағы жалпы білім беретін мектеп оқушысы Алпамыс Нұрболат, «Ынтымақ” жалпы білім беретін мектеп оқушысы Тұрғын Асылай облыстық кезеңге қатысады.