Түркістан облысына қарасты Арыс қаласындағы «Ж.Тәшенов атындағы жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде мектепішілік жоба ұйымдастырылды. «Kitaplike» жобасында оқушылардың жас ерекшелігіне қарай үш оқырман клубы жұмыс жасайды. Оқу мәдениетін насихаттау мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. 3,4,5 — сынып оқушыларынан құрылған «Балбұлақ» оқырман клубы қазан айында экологияны қорғау тақырыбына арналған, аңыз әңгімелер жинағы -«Экософия» кітабын оқиды. 6,7,8 — сынып оқушыларынан құрылған «Ойзерек» оқырман клубы қазан айында Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» кітабын оқиды. 9,10,11 — сынып оқушыларынан құрылған «Бала би» оқырман клубы бұл айда Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» кітабын оқиды. Жобаның мақсаты: Кітап оқуға құштарлығын арттыра отырып, интеллектуалды тұлға қалыптастыру. Өзектілігі: Оқушылардың телефонға тәуелдігін азайту, бос уақытын пайдалы өткізу және оқушылардың рухани байлығын арттыру. Міндеттері: — Оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын қалыптастыру; — Кітап оқуға ынтасын арттыру; — Көпшілік алдында өз ойын еркін жеткізуге, тіл байлығын арттыруға ықпал ету; — Кітаптың адам өміріндегі маңызын түсіндіру — Әдеби шығарма желісіне иллюстрация — жасауға бейімдеу. — Оқушыларға әдеби шығарма желісіне ілесе отырып — сурет салуға үйрету; — Оқушының көркемдік талғамын қалыптастыру. — Әдеби шығармадан түйген ойын қағаз бетіне түсіруге үйрету; — жазу мәдениетін қалыптастыру; Күтілетін нәтиже: — Оқушылардың әдеби кітап оқуға қызығушылығы артады, оқыған шығарма бойынша өз ойын еркін жеткізе алады; — Әдеби шығарма желісінде сурет салуға дағдыланады, көркемдік талғамдары қалыптасады; — Жазылым дағдылары қалыптасады. Әрбір оқырман клубы үш бағытта жұмыс жасайды: «Ұшқыр ой» бағытында оқырмандар оқыған шығарма бойынша өз ойларымен бөліседі, пікір алмасады, кейіпкерлерге баға береді, бүгінгі өмірмен байланыстыра отырып, оқиғаларға, кейіпкерлерге талдау жасайды. Жетекшілер алдын ала талқылау сұрақтарын, тапсырмаларын дайындайды. Бұл бағытта қатысушылардың сөйлеу дағдысы қалыптасады, баға беріп үйренеді, шешендік өнерге бейімделеді. «Қылқалам ұшында»- бұл бағытта оқушылар оқыған шығарма бойынша иллюстрация, сурет салады, шығарма барысында алған әсерін сурет арқылы бейнелейді. Шығармадағы оқиғаны, табиғатты, кейіпкерді қиялмен көре алуға, оны қағазға көркемдеп салуға үйренеді. Әр оқылған шығарма бойынша сурет көрмесі ұйымдастырылады. «Ойтамшы» бағытында оқыған шығарма бойынша оқушылар эссе, ойтолғау, өлең, рецензия, сыни шолу жазып үйренеді. Топ жетекшілері шығармада көтерілген мәселе бойынша, кейіпкер бейнесін ашуға, бүгінгі күнмен байланыстыруға арналған бірнеше арнайы тапсырмалар, тақырыптар береді. Оқушылар жас ерекшелігіне қарай жазылым тапсырмаларын орындайды. «Балбұлақ» тобының оқушылары өлең, ойтолғау, әңгіме, шағын эссе жазады. «Ойзерек» тобының оқушылары өлең, әдеби эссе, сыни шолу жазады. Ал ересек оқушылар, яғни «Бала би» тобы сыни шолу, рецензия, эссе жазады. Үздік жазбалар газет, журнал беттеріне жариялауға ұсынылады. Оқушылар осы үш бағыттың біреуіне қатыса алады, егер екі бағытқа я үш бағытқа да қатысамын десе оған да рұқсат етіледі, ондай жағдайда көп бонус жинауына мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта оқушылардың көбісі телефонға тәуелді болып, соның нәтижесінде ойын еркін жеткізе алмайтын, сауатты сөйлей алмайтын, сауатты жаза алмайтын оқушы саны көбейді. Осы олқылықтарды жою мақсатында осындай жоба дүниеге келді. Осы жоба арқылы біз биылғы оқу жылында кітапқұмар оқушылардың санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Ал кітап оқи бастаған оқушының басқа пәндер бойынша да білімі тереңдеп, ой-өрісі кеңейе бастайтыны анық. Ұйымдастырушы: Директордың бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Баймаханова Гауһар. Жетекшілері -Уткельбаева Гүлжахан, Жунисова Перизат, Сүлейменова Қалдыгүл