Қазақстандық ғылымды дамыту бүгінде күн тәртібінде тұр. О үшін ғалымдарымыз тынбай ізденіп, түрлі бағытта жұмыс атқаруда. Жуырда Ташкентте өтіп жатқан «InnoWeek-2023» халықаралық инновациялық идеялар апталығы аясында 2023 жылғы 19 қазан күні Қазақстанның жоғары оқу орындары өкілдері қатысуымен «Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы жоғары білім, ғылым және инновациялар саласындағы ынтымақтастық» атты форум өтті. Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігінің кеңесші–елшісі Жасұлан Ысқақов және Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Камиль Ақатов құттықтау сөз сөйледі. Спикерлер екі елдің білім және ғылым саласының ынтымақтастықтағы стратегиялық мақсаттарын атап өтті. Өзбекстан Республикасы Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрінің орынбасары Шахло Турдикулова форум қатысушыларына арнаған құттықтауында ведомстволық органдардың мемлекет басшыларының саясатын жүзеге асырудағы рөлін атап өтті, бұл ең алдымен ғылымға және инновацияға қатысты. Қазақстандық жоғары оқу орындарының ректорлары атынан сөз кезегі Ерлан Сыдықовқа беріліп, ол өз баяндамасында цифрландыру дәуіріндегі ғылым мен білімді дамытудың міндеттерін айқындап, шешу жолдарына тоқталды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығы аясында Өзбекстанда Шыршық қаласында филиалын ашқан тұңғыш қазақ университеті ректоры ретінде, М. Әуезов атындағы ОҚУ ректоры Дария Қожамжарова 2017 жылы басталған жобаның кейсін ұсынды. «Біздің филиалдың ашылуы еліміздегі машина жасау, металлургия, құрылыс, химия және тамақ өнеркәсібінің дамуына тың серпін беріп, осы салаларды дуальды оқытудың 18 білім беру бағдарламасы бойынша білікті кадрлармен қамтамасыз ететініне сенімдіміз», — деп атап өтті өз баяндамасында. Сонымен қатар, М. Әуезов атындағы ОҚУ іс-шара аясында Термез мемлекеттік педагогикалық университетімен және Альфраганус университетімен білім беру және ғылыми ынтымақтастық орнату, бірлескен білім беру бағдарламалары, академиялық ұтқырлық және профессорлық-оқытушылық құрамымен екі жақтама алмасу мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.