Оқу мәдениетін насихаттауда ерен еңбек етіп жүрген кітапханашылар өскелең ұрпақтың өркендеуі үшін түрлі бағыттағы іс шаралар өткізуде. Жуырда Түркістан облыстық балалар кітапханасында Республика күніне арналған апталықтың төртінші күні Созақ, Сарыағаш, Төлеби және Отырар өңірлерінен келген оқырмандар үшін оқиғаға толы әрі қызықты болды. Бұл күні олар әдебиет пен өнер әлеміне саяхат жасады. Шара жас оқырмандарға өз елінің тарихи жолын жақсырақ түсінуге және бағалауға көмектескен тәуелсіз Қазақстанның бейнесіне арналған әдеби шығармаларды оқудан басталды. Одан кейін балаларға шығармашылық әлеміне үңіліп, суретшілердің әдіс-тәсілдерімен танысуға мүмкіндік беретін «Суретшілер өз құпияларын ашады» атты қызықты презентация болды. Барлығы қатысқан сурет байқауына ерекше назар аударылды. Байқауды кітапхана директоры Ақмарал Асанқызы ашып, жас өнерпаздарға сәттілік тіледі. Бұл іс-шара балалардың шығармашылық қабілеттерін көрсету мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар олардың мәдени дамуы мен өзін-өзі көрсетуіне маңызды қадам болды. Жас суретшілер Тәуелсіз Қазақстанның тарихын, жеткен жетістіктерін, Отанға, Туған жерге деген патриоттық сезімдерін бейнелеу арқылы жеткізді. Сырлы бояуға малынған суреттердің бәрі де керемет. Жалпы төрт ауданнан келген сегіз қатысушының ішінен үздік деп танылған оқырмандар: І орынды — Сейтмұрат Жұлдыз; ІІ орынды – Айдар Маржан, Еділбаева Аруна, Бақытбекұлы Ернар; ІІІ орынды –Амангелді Мерей иеленіп, Ақмарал Асанқызы арнайы дипломмен марапаттады.
Связанные истории
18.11.2024
26380
18.11.2024
24288