Түстіктің тұрғындары қымбат нөмірге құмар
Көлік құралы байлықтың көрсеткіші емес, ол жәй ғана А нүктесінен Б нүктесіне жеткізуші құрал ғана. Көбісі ойлайды осылай. Бірақ қымбат көлікке деген құмарлық дағдарыс кезінде де толастамай тұр. Ал қымбат көлікке қымбат нөмір тағып алса тіптен қатып кеткелі тұр. Ия, оңтүстікқазақстандықтардың қымбат көлік нөміріне құмбылдығына қай кезеңде де тұсау салынбақ емес. Оңтүстік Қазақстан облысында заңды және жеке тұлғалар жыл басынан бері жоғарғы сұраныстағы 37 тіркеу белгісін алыпты. Олар негізінен 001, 002, 007, 003, 005, 009, 100, 111, 999, 200, 777, 888, 333 және 800 нөміріне қызығушылық танытады екен. Бұрын үш жетіден құралған яғни, 777 нөміріне деген қызығушылық орасан болатын. Бүгінде қымбат нөмірге қызығушылардың көңіл көкжиегі «кеңейген» сыңайлы. Аталмыш жоғарғы сұраныстағы тіркеу белгілерінен мемлекет қазынасына түскен табыстың жалпы сомасы 13 миллион 264 мың теңгені құрап отыр. Былтырғы жылдың 2 айында ОҚО ІІД ӘПБ ТЭБ-мен жоғары сұраныстағы 54 белгі беріліп мемлекеттік қазынаға түскен қаржы 18 миллион 249 мың теңгені құраған болатын. Жоғары сұраныстағы мемлекеттік тіркеу белгісін аламын деушілер ОҚО ІІД ӘПБ ТЭБ-на және халыққа қызмет көрсету орталығына баруы тиіс. 100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 800, 888, 900, 999 сынды жоғары сұраныстағы мемлекеттік тіркеу белгілерінің бағасы 253 мың 724 теңгені құраса, 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 сынды мемлекеттік тіркеу белгілері 422 мың 256 теңгені құрайтын болады. Әрине қалтасы жұқа «Жигули», «Опел» мінгендер мұндай қымбат нөмірлерге әзірге қызыға ғана қарай тұрар. Атан түйеден де дәу Джип тақымдағандардың қанжығасына байланып тұр ғой қайран 777-лер.