Әкім әлем чемпионын марапаттады
Талай таланттың тұсауын кескен оңтүстік өңірі қай кезеңдеде дарындардан кенде болған емес. Әрі әлемді мойындатқан таланттарын тасада қалдырған да емес. Соның бір дәлеліндей жуырда облыс әкімі Асқар Мырзахметов әскери самбодан екі дүркін Әлем чемпионы Арман Оспанов пен оның жаттықтырушыларын қабылдады. Әлемдік додада топ жарған Арманды ел мерейін асырған жеңісімен құттықтап, 1 миллион теңгенің, оның жаттықтырушысы Бауыржан Оралбековке 500 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Облыс халқының 800 мыңдайы жас буын өкілдері екендігіне назар аударған Асқар Исабекұлы жеңімпаз спортшылардың көрсеткен ерлігі жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеудің үздік үлгісі деп бағалады. Мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамыту бағытында ауқымды шаралар қолға алынғандығын, нәтижесінде дәстүрлі спорт түрлерімен қатар, су спорты, садақ ату, көркем гимнастика секілді спорт түрлері өркендеп жатқандығын атап өтті. Бұл спорт түрлерінен облыс орталығында жаттығу базалары қалыптасып жатқандығын айтты. Жұмыс істеп жатқан спорт мектептерінің де материалдық-техникалық базасы таяу жылдары жаңартылатынын мәлімдеді. Кездесу барысында Арман Оспанов елімізде спортты дамытуға айрықша көңіл бөлініп жатқандығын айта отырып, талантты жастардың талабына қолдау көрсетіп жатқан облыс басшылығына ризашылығын білдірді.