Тәрбие – тал бесіктен басталады. Дегенмен, баланың, жасөспірімнің салиқалы, мәдениетті, парасатты, тәрбиелі болып өсуі оның қоршаған ортасына да байланысты. Сондықтан, баланың өмір жолын түзу қалыптастыруға қоғам болып атсалысқан жөн. Білім сапасын арттырудан бөлек бала тәрбиесі де басты назарда тұруы тиіс. Жуырда Түркістан қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №27 ІТ мектеп-лицейінің базасында өткен басқосу да осы жасөспірімдердің тәрбиесіне арналды. Түркістан қаласы Полиция басқармасының басшысы Бауыржан Жанаев, Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова, бөлімге қарасты мектептердің 9-11 сынып оқушылары қатысқан басқосу барысында «Тәрбиелі жастар – қауіпсіз қоғам» тақырыбы аясында сөз қозғалды. Кездесу барысында қаладағы наркомания, өз-өзіне қол жұмсау, түнгі уақытта жүру, құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері туралы айтылды. Сондай-ақ, кездесуге «Оян қазақ» фильмінің басты рөлін сомдаған актер Б.Қажыбаев қатысып, оқушы жастарға қазақстандық патриотизм, өз Отанын, елін сүю туралы орамды ойларын жеткізді.