«ҚР Президент іс басқармасының Медициналық орталығының күндері» аясында ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының білікті дәрігерлері Түркістан облысындағы жұмыс сапарының алғашқы күнін тәмамдады. Жалпы орталықтағы білікті дәрігерлердің облыстарға барып, тәжірибе үйретуі, шеберлік сабақтарын өткізуі шалғайдағы өңірлер үшін өте тиімді болып отыр. Өйткені аса күрделі оталар үшін шетелге не болмаса Астанаға барып емделуге көбісінің қолы қысқа. Ал білікті дәрігерлерден сабақ алған жергілікті ақ халаттылар бүгінде облыс орталығының өзінде күрделі оталарды өздері жасап жүр. Осы сапар барысында жоғары санатты нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев сол жақ ұйқы артериясының алып аневризмасын қан ағысы бағытын өзгертетін стентпен эмболизациялау және бас ми қантамырларының тарылуын стенттеу бойынша екі облыс тұрғынына күрделі операция жасады. Ота сәтті өтті. Бұл шынымен де медицина саласындағы жоғары жетістік. Ағынды реверсивті стентті қолдану арқылы аневризма эмболизациясы және церебральды стенттеу — жоғары біліктілік пен дәлдікті талап ететін күрделі процедуралар. Мұндай операцияның сәтті аяқталуы аймақтағы медициналық тәжірибе мен озық технологияның маңызды деңгейін көрсетеді. Бұл пациенттердің өмірін сақтап қана қоймайды, сонымен қатар ауыр тамырлы ауруларды емдеудегі прогресті білдіреді. Дәрігерді және оның командасын операцияның сәтті нәтижемен аяқтағаны өте жоғары жетістік болып табылары сөзсіз. Одан бөлек, 20 тұрғынға дәрігерлік кеңес берді. Аритмология бөлімшесінің меңгерушісі, бас аритмолог, профессор Аян Әбдірахманов жүрек орталығында Гис будасының сол аяғын ширықтырумен электрокардиостимуляторды имплантациялау бойынша 3 операция, Түркістан облыстық ауруханада электрокардиостимулятор мен кардиовертер-дефибрилляторды имплантациялау бойынша 2 операция жасап, 10 өңір тұрғынын қабылдады. Сонымен қатар өңірдің 30 кардиолог пен резиденті қатысқан «Жүрек ырғағының бұзылуын интервенциялық емдеу» тақырыбында дәріс оқыды.