Бүгін яғни, 5-мамыр Халықаралық акушерлер күні. Осыған орай түрлі медициналық мекемелерде ана мен бала өміріне жауапты мамандық иелеріне құрмет көрсетілуде. Күні бүгін Түркістан облысына қарасты Қазығұрт аудандық орталық ауруханасынның перзентхана бөлімінің жоғарғы санатты, тәжірибелі акушеркасы Абдікерімова Динара Абдімәлікқызы құрмет көрсетілді. Осы салада 35 жылдан бері акушер қызметін атқарып келеді. Осы уақытқа дейін талай баланың кіндік шешесі атанған. 5 мамырда атап өтілетін Халықаралық акушер күні шын мәнінде акушерлердің денсаулық сақтау саласына қосқан үлесін мойындаудың маңызды оқиғасы болып табылады. Дүние жүзі ана мен жаңа туған нәрестенің денсаулығын сақтауда басты рөл атқаратын мамандарға құрмет көрсететін күн. Динара Әбдімәлікқызы Әбдікерімова сияқты акушер-гинекологтар өздерінің бай тәжірибесімен және жанқиярлығымен медицина жүйесіннде табанды еңбек етіп келеді. Білікті акушер “Біздің қызмет қателікті кешірмейді, себебі біз бір емес, екі адамның бірдей өміріне жауаптымыз!” дейді.
1986 жылы Ленгір медициналық училищесін бітірген. Динара Абдімәлікқызы 1989 жылы Қазығұрт аудандық перзентхана бөліміне акушерка болып жұмысқа орналасқан, міне содан бері 35 жылдан астам уақыт табан аудармай жұмыс атқарып келеді. 12 500 нәрестеге кіндік ана атанып, 40 тан астам егіз балаларды босандырып алған. Бүгін барша акушерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап жатқандар көп. Олардың еңбегі мен адалдығы жоғары баға мен құрметке әбден лайық.
Негізінде акушерлердің жұмысы өте ауыр, төзімділікті қажет ететін әрі адал мамандық иесі десек болады. Тіпті, жүкті әйелдердің көңіл-күйіне қуат беретін , бірге қуанып, қиын жағдайда демеу болатын кеңесші де, психолог та, дәрігер де, демеуші де осы акушерлер. Адал да жауапты маманның жүрек жылуы алдағы уақыттарда да дүние есігін жаңадан ашқан нәрестелерді жылытып, әрбір отбасыға ерекше қуаныш пен бақыт сыйлай берері анық.