
фото ОАОА
Дүниежүзілік қан доноры күні – науқастардың өмірін сақтап қалу және адамдардың денсаулығын жақсартуда көмек қолын созатын маңызды шара екені айқын. Жыл жылжыған сайын донорлар қатары көбейіп келеді. Өзгеге өмір сыйлауға ниеттілердің қатары артқаны қуантады. Бүгінде салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығына күтім жасауды бірінші орынға қоятындар артып келеді. Олар сондай-ақ, қан тапсыру денсаулыққа аса пайдалы екендігін де жақсы біледі. Одан бөлек, өзге науқастың өмірін сақтап қалу да сауапты істердің бірі екенін есте мұқият сақтайды.
Қан орталығының басшысы А.Нұрлыбаев «Дүниежүзілік донор күніне» орай, қан донорлығына белсенді қатысып, халық денсаулығына, адамдардың өмірін құтқару ісіне үлес қосып жүрген жандардың еңбегін естен шығармай, марапаттап отырады. Бұл да болса оларды қанаттандырып отыратыны белгілі. Күні кеше қан тапсыру акциясына белсене атсалысқаны үшін Түркістан облысына қарасты Ордабасы аудандық орталық ауруханасынының трансфузиолог дәрігері Айтбаев Наурызғали Сансызбайұлын алғыс хатпен марапаттады. Қан тапсыру ісінде қарапайым тұрғындар ғана емес, ақ халатты абзал жандар да алдыңғы шепте жүр. Трансфузиолог-дәрігер Айтбаев Наурызғали Сансызбайұлы аталмыш ауруханада көп жылдан бері еңбек етіп келеді. Тәжірибелі дәрігерге алғыс айтушылардың қарасы қалың. Өз ісіне берілген, білікті де білімді дәрігердің еңбегі елеулі, қашанда құрмет пен қошеметке лайық екені белгілі.
Қан донорларын марапаттау яғни, мұндай ынталандырулар жеке денсаулық сақтау мамандарының қосқан үлесін мойындап қана қоймайды, сонымен қатар қан донорлығының маңыздылығын қоғамның мойындауына ықпал етеді. Айтбаев Наурызғали Сансызбайұлын осы марапатқа ие болуымен ұжымы мен емделушілер шынайы көңілмен құттықтады. Іс-шараға медициналық ұжым ұйымдасқан түрде бір кісідей атсалысты. Олар ажалпен арпалысып жатқан әрбір науқасқа көмек қолын созып, ұдайы қажетті қолқабысты аямайды.
Дәрігерлердің дерегіне сәйкес қазіргі таңда жас донорлар саны аз. Олар үнемі қан тапсырып жүрсе, зиянды әдеттерден аулақ болып, сәйкесінше, салауатты өмір салтын ұстанатын жас буын қатарының артатынына сенімді. Сондықтан да жастар арасында донорлықты насихаттау жұмыстарына басымдық берілмек. Алдағы уақытта жоспарланған түрде жүйелі жұмыстар атқарылатын болады. Қан тапсыру шарасына ұжымның белсене қатысқаны қуантады. Расында, жастардың мұндай шараларға қатысуы салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жаман әдеттерден бас тартуға септігін тигізеді. Үнемі қан тапсыру басқа адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектесіп қана қоймайды, сонымен қатар донордың әл-ауқатына оң әсер етері сөзсіз, өйткені қан тапсыру кезінде қан жаңарады және гемопоэзді ынталандырады. Жастар арасында донорлықтың пайдасы туралы ақпараттандыру науқанын ұйымдастыруға көп күш салынбақ.